Әшім Құрамбайұлы Омаров
Институт ректоры болып Мәскеу болат және қорытпа институтының түлегі Әшім Құрамбайұлы Омаров тағайындалды. Ә.Қ.Омаров ірі ұйымдастырушы екенін танытты. Оның жан-жақтылығы, күнделікті қажетті міндеттерді жүзеге асыру мен орындау кезіндегі қарымдылығы, сондай-ақ қиыншылықтарды жеңе білуі институтқа сол кездегі Одақтағы инженерлік-техникалық жоғары оқу орындары арасындағы лайықты орын алуға мүмкіндік берді. Осы жылдары Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауынан ауданы 50 гектар жерде студенттер мен профессорлық-оқытушылық құрамның демалуына ғана емес, сондай-ақ геологиялық барлау, мұнай және геофизика және тағы басқа факультеттердің оқу практикасын өткізуіне арналған оқу-сауықтыру кешені құрылды. Студенттерге арналған 500 орындық асхана, әскери кафедра ғимараты ашылды. Ә.Қ.Омаровтың жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында студенттер контингенті 18 мыңға, аспиранттар саны 300 адамға өсті. 1970 жылы В.И.Лениннің 100 жылдығына орай Қазақ политехникалық институтына В.И.Ленин есімі берілді. Әйгілі «Досмұқасан» ансамблі Ә.Қ.Омаровтың тікелей қамқорлығымен құрылып, қалыптасып және шығармашылық дамып жетілді.