Әшір Жанәліұлы Бүркітбаев
ҚазТКМИ алғашқы директоры қызметіне Әшір Жанәліұлы Бүркітбаев тағайындалды, Орал-Қазақстан өнеркәсіп академиясын үздік бітірген білікті маман. Әшір Жанәліұлы Қазақстан тарихындағы бірінші инженерлік-техникалық институтты, іс жүзінде жоқтан ұйымдастырылған институтты басқара отырып, республикадан тысқары «шығып», Одақтың ірі өнеркәсіп, жоғары оқу орны мол аймақтарынан танымал ғалым-педагогтарды институтқа тарту ісімен айналысты және тарта білді де. Ол басшылық жасаған жылдары институттағы оқытушылық жұмысқа профессорлар А.Ф.Войцеховский, В.А.Глазковский, Н.К.Скаковский, Е.Д.Шлыгин, И.И.Бок, Ә.Ә.Ермеков, П.М.Кошулько, А.С.Пономорев, Г.Ц.Медоев, Е.А.Заботина т.б. келді. Бірінші оқу жылының басында 145 студент болды. Сол кезде институтта екі мамандық – руда мен мұнай кен орындарын барлау және инженерлік гидрогеология мамандықтары бойынша үш курсы бар бір ғана геологиялық барлау факультеті жұмыс істеп тұрған болатын. 1935-1936 жылдары тағы екі мамандық ашылды: руда кен орындарын пайдалану; түсті және ауыр металдар металлургиясы. Бірінші оқу жылында институтта 10 кафедра жұмыс істеді. Оқу ғимараттарының жағдайы тым жұпыны, ал тұрғын жайлар өте аз болды. Институт ұйымдасқан кезде берілген 17 тірек-қамыс үйлердің біреуі оқу корпусы ретінде, ал қалғандары зертханалық сабақтар өткізуге қолданылды. Сол жылдардағы оқытушылардың ішінде ерекше тұлға Томск политехникалық институтының түлегі Ермеков Әлімхан Әбеуұлы болды. Бірінші математик қазақ, профессор, жоғары математикадан қазақ тіліндегі оқулықтың авторы. Осы жылдары институтта тұңғыш домбырашылар ансамблі құрылды. Ә.Ж.Бүркітбаев 1937 жылы Сталиндік репрессия құрбаны болып, 1958 жылы ақталды.