1990-2004
Геология саласында шаруашылық шарттар бойынша Қазақстанның гравиметрикалық карталарын басылымға дайындау үшін сейсмикалық және аэроғарыштық мәліметтерді кешенді талдау жұмыстары жүргізілді.
ҚазПТИ ректоры Еренғайып Мәлікұлы Шайхутдинов Қазақстандағы жоғары молекулалық қосылыстар химиясының негізін салушы әрі іргелі және қолданбалы зерттеулері мойындалған ғалым ретінде атанды. Оның жетекшілігімен мамандарды көп деңгейде даярлау әдісі енгізілді, бұл өз кезегінде Институтқа университет мәртебесін беруге ықпал етті.
Түбегейлі экономикалық өзгерістер жағдайында ҚазПТИ ғылыми-зерттеу жұмыстарын ғылыми әлеует пен негізгі ғылыми бағыттарды ескере отырып жүргізеді. Қалыптасып жатқан ғылыми мектептер мен бағыттар жоғары технологияларды әзірлеу бойынша теориялық негіздер мен технологиялық нұсқаулықтар жасауға бағытталды. Тау-кен ісі факультетінің «Еңбек пен қоршаған ортаны қорғау» кафедрасы өндірістік экология бойынша мамандар даярлай бастады.
Тоқсаныншы жылдардың ортасында:
«Южнефтегаз» МАҚ,
«Казахтуркмунай»,
кенді басқару орталығы «КАТЭП» ҰАК
«Жезказганцветмет» АҚ,
Павлодар алюминий зауыты,
Қарметкомбинаты және тағы басқа кәсіпорындармен шаруашылық шарттар жүргізілді.
1992 жылы ҒЗЖ бойынша – 158, 1993 жылы – 90, 1994 жылы – 44, 1995 жылы – 22, 1996 жылы –12 шаруашылық шарттар орындалды.
ҚазПТИ Қазақ Ұлттық техникалық университеті болып қайта құрылды.
Қазақстан Республикасында дамып келе жатқан химия, мұнайды қайта өңдеу, металлургия өнеркәсібі мен полиграфия кәсіпорындарына арналған инженер мамандарды даярлау мақсатында «Полиграфиялық машиналар мен автоматтандырылған кешендер», «Органикалық емес заттардың химиялық технологиялары», «Жоғары молекулярлы қосылыстардың химиялық технологиясы», «Полиграфиялық өндірістің технологиясы», «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандықтары бойынша технологиялық факультет құрылды. Осы жылы университеттің «ҚазҰТУ Хабаршысы» ғылыми журналы шыға бастады.
Өнеркәсіп орындарына қажетті жоғары білікті инженер кадрлары мен жоғары оқу орындарына техникалық пәндер бойынша оқытушыларды Қайта даярлау мен біліктіліктерін арттыру жөніндегі республикалық орталық (ҚБАРО) Университет жанынан құрылды. Университет Қазақстанда жұмыс істейтін «Siemens» және «Schlumberger» сияқты ірі шетел фирмаларының негізгі оқу орнына айналды, Англия, Италия, Канада, Жапония, Финляндия, Германия университеттерімен ынтымақтастық орнатыла бастады. Университет Tempus-TACIS еуропалық бағдарламасына белсенді қатысып келеді.
ҚазҰТУ ТМД-да Ресей техникалық университеттерінің ассоциациясына кірген жалғыз жоғары оқу орны болып есептелді. Университетте геология және тау-кен ісі, мұнай және газ, машина жасау, технология және экология, автоматтандыру мен ақпараттандыру, металлургия, энергетика мен байланыс мамандықтары бойынша 6 оқу-ғылыми өндірістік кешен құрылды.
ҚазҰТУ-да ҚР ҒА 10 және әртүрлі халықаралық академиялардың 7 академигі жұмыс істейді. «Қолданбалы экология» мамандығы бойынша инженер-экологтардың алғашқы түлектері бітіріп шықты.
Еліміздің инженер-техникалық кадрларын даярлауға қосқан еңбегі үшін ҚазҰТУ-ға көрнекті ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі берілді.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаев – әлемге танымал ғалым, кеңестік металлогения ғылымының негізін қалаушылардың бірі, қазақстандық металлогения мектебінің негізін қалаушы. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, Қазақ КСР ҒА академигі, КСРО ҒА толық мүшесі, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті.
Адамгершілік қасиеттері мен ұйымдастырушылық қабілеті зор, Отаны мен халқына адал қызмет еткен адам. Ол – Қазақстан ғылымының дарынды ұйымдастырушысы, сондай-ақ ашылу кезінде әлемдегі ең ірі, қоры бай деп табылған Ұлытау-Жезқазған мыс кенорнын ашқан геолог ретінде танымал болды. Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың еңбек жолы Университетіміздің дамуымен тікелей байланысты.
1926 жылы Қаныш Имантайұлы Сәтбаев Томск технология институтын Геологиялық барлау мамандығы бойынша бітіріп, тау-кен инженері біліктілігін иеленеді. Атбасар түрлі-түсті металдар тресіне геологиялық бөлімнің бастығы қызметіне жолдама алып, 1927 жылы аталған трестің басқарма мүшесі болып сайланады. 1941 жылы Қазақстан КП ОК 2-ші хатшысы Ж. Шаяхметовтың бастамасымен Қаныш Сәтбаев Алматы қаласына жұмысқа ауыстырылады. Ол Геология ғылымдары институтының директоры және ҚСРО Ғылым академиясы қазақ филиалы (КСРО ҒА ҚФ) Президиумы төрағасының орынбасары болып тағайындалады.
Қаныш Сәтбаевтың ғылыми мұрасы негізінен геология, тарих және мәдениетті қамтиды. Қаныш Имантайұлы ірі ғалым болумен қатар, тәжірибелі инженер болған. Ол геологиялық ғылым мен тәжірибені бір-бірінен ажыратуға болмайтындығын ерекше атай отырып, практикалық геология үшін оның теориялық негізін жасау өте маңызды мәселе деп санады, сондай-ақ кенорындарды болжаудың ғылыми негізін әзірлеумен айналысты.
Университет жанынан 6 институт құрылды: А.Машани атындағы Жаратылыстану-гуманитарлық институты, Инженерлік-экономикалық институт, Ақпараттану және ақпараттық технология институты, Геология және мұнай-газ ісі институты, Машина жасау, технология және экология институты, О.А.Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институты.
14 мамандық бойынша докторлық диссертация қорғайтын 9 диссертациялық кеңес, 3 мамандық бойынша кандидаттық диссертация қорғайтын 2 диссертациялық кеңес ашылды.
Студенттердің білім беру бағдарламаларына «Сәтбаевтану» курсы енгізілді, жыл сайын ерен еңбегі үшін Қ.И.Сәтбаев атындағы сыйлық тағайындалды.
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да «Schlumberger» халықаралық компаниясының, Tempus-TACIS бағдарламасының, білім беру мен ғылым академияларының Еуропалық қорының тұсаукесері өтті.
Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-ға ерекше мәртебе берілді.
Университет еуропалық жетекші 500 ЖОО-ның гильдиясына кірді. Болонья қаласында (Италия) «MagnaChartaUniversitatum» университеттерінің Ұлы Хартиясына қол қойып, Еуропалық жоғары білім беру аймағына енгенін заңды түрде рәсімдеді.
Университет Еуроодақтың жетекші техникалық оқу орындарының консорциумына, «Solan Energy» ғылыми-техникалық орталығының халықаралық ассоциациясына кірді, сонымен қатар Ресей техникалық университеттер ассоциациясына мүше болып, АҚШ оқу орындары консорциумының құрамына кірді. Сәулет-құрылыс саласына қажетті мамандарды даярлау ісі жандандырылды.