Серікбай Базарбайұлы Базарбаев
Институт директоры болып Серікбай Базарбайұлы Базарбаев тағайындалды, М.И.Калинин атындағы түсті металдар мен алтын институтын бітірген. С.Б. Базарбаев та Ә.Ж.Бүркітбаевтің ісін жалғастырып, материалдық-техникалық базаны және профессор-оқытушылар құрамын жақсартты. Тұңғыш жоғары инженерлік-техникалық оқу орнының аяғынан тік тұрып кетуіне Қазақ өлкелік комитеті мен Қазақ КСР Министрлер кеңесі үлкен көмек көрсетті. Өнеркәсіптік мекемелер мен геологиялық барлау мен кен ісі кәсіпорындары институтқа қажетті құрал, жабдықтар, аспаптар, машиналар бөлді. ҚазТКМИ студенттерінің өндірістік практикасы қолайлы жағдайда өтті, ол терең білімге қол жеткізуге әсер етпей қоймады. Институтқа білікті оқытушыларды тарту мақсатымен үкімет басқа жақтан келген оқытушыларға материалдық көмек ретінде қызмет ақыларына 30%-дық үстеме ақша қосты. Ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысып жүрген оқытушыларға айлық еңбек ақысының 50%-ы мөлшерінде үстеме ақы төленді. Оқытушылардың еңбек қазақ тілін және әлеуметтік-экономикалық (қоғамдық) пәндерді білгені үшін белгілі бір мөлшерде үстеме ақы төленді. Сол жылдары институтта жас қазақ оқытушыларының бір тобы өсіп жетілген еді. Олар: М.Х.Мамыров, Х.Т.Бектасов, М.Н.Әзербаев, Р.М.Маскеев, К.Сүйінғалиев т.б.