Михаил Карпович Гришин
Институтты Мәскеудің М.И.Калинин атындағы түсті металдар және алтын институтының түлегі, кенші Михаил Карпович Гришин басқарды. Ол Шымкент кен ісі техникумының директоры қызметін атқарған. Оның шешендік таланты болды. Өзі кен инженері бола тұра, қоғамдық ғылымдардан дәріс оқыды. Ол кездері институтта кен ісі факультетінің барлық студенттері әскерилендірілген кенші формасын киіп жүрген. М.К.Гришин институттың материалдық-техникалық базасын кеңейту жөнінде бірқатар шаралар қабылдады. Ленин (қазіргі Достық) даңғылының екі қапталын алып жатқан кішігірім аумаққа оқу ғимараттары, профессорлық-оқытушылық құрамға арналған тұрғын үйлер бой көтерді. Студенттер арасында қазақ ауылдарынан келген жастар аз болды, бұл жылдары қазақ мектебін бітіргендер қабылдау емтиханын орысша тапсырды, оқу сабақтары да орыс тілінде жүргізілді. Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, осы проблеманың оң шешімін табу мақсатында КСРО Жоғары білім беру министрлігі институтқа 1949-1950 оқу жылынан бастап орыс тілін қазақтар үшін 1,2 курстарда шет тілінің орнына оқытуға рұқсат берді. Бұл дұрыс шешім болғанын айта кеткен жөн.