Жексенбек Мәкейұлы Әділов
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың өкімімен университет ректоры қызметіне экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның Құрметті академигі, Халықаралық инженерлік академияның және ҚР ҰИА-ның академигі Жексенбек Мәкейұлы Әділов тағайындалды. Ол - әйгілі Политехтің түлегі, талантты және жігерлі ұйымдастырушы, белгілі ғалым және тәжірибелі ұстаз. Оның басшылығының арқасында Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ әлемнің әртүрлі елдерінің ғалымдары мен студенттерінің басын қосқан, техника мен технология саласындағы халықаралық деңгейдегі білім беру, ғылыми-зерттеу және инновациялық мекеме болып танылды. Оқу орны жаңа, өндірісте талап етілген инновациялық мамандықтар: «Инновациялық менеджмент», «Наноматериалдар және нанотехнологиялар», «Ғарыш техникасы мен технолдогиясы» сияқты барлығы 17 жоғары және жоғарыдан кейінгі білім беруді енгізуге бастамашы болды. Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да Қазақ-корей ақпараттық-коммуникациялық технологиялар жөніндегі білім беру орталығы ашылды. ҚР ҰҒА Президиумының шешімімен Жер туралы ғылымдар бөлімі өзіндік құрылым ретінде бөлініп, оның базасы Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ болып белгіленді. Бөлімнің төрағасы болып академик Ж.М.Әділов сайланды. Қ.И.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ еліміздегі ең үздік жоғары оқу орны болып, халықаралық деңгейде білім беру, техника және технология саласындағы ғылыми-зерттеу және инновациялық мекеме ретінде Қазақстан жоғары оқу орындары арасында жүргізілген «Еврорейтинг-2013» байқауында ең үздік оқу орны ретінде танылды.