Сәтбаев Университетінің ғалымдары
Томск технологиялық институтының түлегі, тау-кен инженері, геолог, геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор, академик, Қазақстан Ғылым академиясының және КСРО Ғылым академиясының академигі, КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, көрнекті ғалым-геолог, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның ғылымы мен өнеркәсіптік дамуының көшбасшысы, кемеңгер ғалым. Қаныш Сәтбаев инженерлер мен техниктер даярлауды өзінің өмірлік ісі етті, ал Қазақстанда инженерлерді даярлайтын алғашқы Қазақ тау-кен металлургия институты (қазіргі Satbayev University) 1934 жылы Алматыда ашылды. Қазақтың шексіз даласын, сансыз жер асты ресурстарын бүкіл әлемге паш еткен ғұлама ғалым, Ұлы даланың ұлы перзенті Қаныш Сәтбаевтың Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі орасан зор, сондықтан да оның туған күні – 12 сәуір – Қазақстанда Ғылым күні ретінде аталып өтіледі. Дәл сол күні Дүниежүзілік авиация және космонавтика күні де атап өтіледі. Геология саласымен, тау-кен ісімен және металлургиямен айналысуға ұмтылған жас ұрпаққа көрнекті ғалымның өмірі мен ғылыми қызметі әрқашан үлгі бола алады.
(әл-Машани)
Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі (1939), тау-кен инженері, геолог, профессор, еңбек жолын Қаныш Сәтбаевпен бірге бастаған, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының іргетасын қаласқан және оның академигі, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер. Машановтың ғылыми дүниетанымы тек қана геология және тау-кен ісі ғылымдарымен шектелмейді. Ол Шығыстың ұлы ойшылы Әбу-Насыр әл-Фарабидің мұрасын зерттеудің негізін салып, фарабитанудың абызы атанған ұлы тұлға. А.Ж.Машанов Сәтбаев Университетін (Satbayev University) «Тау-кен инженері, геолог» мамандығы бойынша үздік дипломмен бітірген алғашқы түлегі, «Маркшейдерлік іс» кафедрасының тұңғыш аспиранты, тұңғыш ғылым кандидаты. Ақжан Машани – 1000 жылдан бері «Шығыстың Аристотелі» деп танылған әл-Фарабидің Отырардан шыққан қазақ ұрпағы екендігін дәлелдеп берген және ұлы ұстазға арналған 16 томдық еңбек жазған ғалым. Жалпы А. Әл-Машани 200-ден астам ғылыми мақала, монография, оқулықтар мен ғылыми-көпшілік кітаптар жазып, артына өшпес мұра қалдырған ғалым. Осы еңбектері арқылы ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі елге мәшһүр болды. А. Әл-Машанидің ғылымға қосқан зор үлесін және ғылыми педагогикалық қызметін жұртшылық пен Үкімет жоғары бағалады. Ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған. Сәтбаев Университетінің Базалық білім беру институтына Ақжан Әл-Машани есімі берілген.
Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі (1940), тау-кен инженері, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген жоғары мектеп қызметкері. 1952 жылдың қараша айында Ө.Байқоңыров Қазақ тау-кен металлургия институтының директоры болып тағайындалды. Институт 1960–1962 жылдың маусым айына дейін политехникалық болып қайта құрылды. Институт ректоры қызметін атқару барысында еліміздегі алғаш инженерлік-техникалық жоғары оқу орнының қалашығы қаланды. Ол студенттердің тұрмыс жағдайын жақсартуға бар күшін салды, институт аумағында жаңа жатақханалар, профессорлық-оқытушылық құрамға арнап тұрғын үйлер салғызды. Ө.Байқоңыров ғылыми-педагогикалық жұмысын қоғамдық қызметпен табысты ұштастыра білді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Алматы қалалық кеңесінің депутаты, Қазақ КСР ҒА президиумының мүшесі, Еңбекті қорғау қоғамының орталық кеңесінің төрағасы, Қазақ КСР «Білім» қоғамы президиумының мүшесі, Қазақ КСР ҒА Әлем және Жер туралы ғылымдар бөлімі бюросының мүшесі, Республикалық түсті металлургия ғылыми-техникалық қоғамы президиумының мүшесі болды. Оның еңбектері Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар шетелдерге де танымал. Өмірхан Аймағамбетұлы өмірлік, кәсіби біліктілік арқылы жиған мол тәжірибелерімен, энциклопедиялық білімімен артында өшпес із қалдырды. Ол 60-тан аса ғылым кандидаттарын, 10 техника ғылымдарының докторларын дайындады, 300-ден аса ғылыми еңбектері және 30-ға жуық өнертабысы жарық көрді, көптеген монографиялардың авторы. Академик Ө.А.Байқоңыров Отан алдындағы зор қызметі, дүниежүзілік ғылымға және жоғарғы білімге қосқан үлкен үлесі үшін сол кезеңнің ең жоғарғы наградасы – Ленин орденімен, «Шахтер даңқы» белгісімен және көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен жоғары бағаланған. Академиктің есімін есте қалдыру мақсатында Жезқазған университетіне, Сәтбаев Университетінің Геология және тау-кен институтына Ө.А.Байқоңыровтың есімі берілді.
Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі (1940 ж.), тау-кен инженері, Ұлы Отан соғысына қатысушы, 1943 жылдың аяғында капитан болып қызмет атқарып жүріп ауыр жарақаттанып, Алматыға оралған. Ілияс Есенберлин – ұлт мақтанышы, жазушы, драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ әдебиетінің тарланы, роман жанрының майталманы, қазақ әдебиетінің ғана емес, қа¬зақ хал¬қы та¬ри¬хы¬ның негізін қалаушы, әлемде лайықты орын алған да¬ра тұл¬ға. Ұлы жазушы – қазақ әдебиетінде ең алғашқы болып тарихи оқиғалар арқылы сол заманғы қиын кездегі тұрмыс-тіршілікті көркем суреттеу арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізу және қазақ әдебиетінде ұлт рухын көтерген ерекше орны бар дара тұлға. Жазушының «Көшпенділер» және «Алтын орда» атты тарихи трилогиялары көпшілікке танымал. І. Есенберлин Отанға, әдебиетке қосқан зор үлесі үшін «Еңбек Қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендері, «За боевые заслуги», «За оборону Ленинграда» медальдарымен марапатталған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының жүлдегері атанған, сол кезеңнің ең жоғарғы наградасы Ленин орденімен, «Шахтер даңқы» белгісімен және көптеген медальдармен марапатталған.
Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі (1939), А.Машановтың курстасы, тау-кен инженері, геолог, ғалым, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы (1964), профессор (1968), Қаз КСР Ғылым академиясының мүше-корреспонденті (1972), Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер (1971). Орталық Қазақстанда Ақмая сирек металл кен орнын ашқан (1939). Қазақ тау-кен металлургиялық институтының аспиранты мен ассистенті (1943–1946, 1964). Геология-минералогия ғылымдарының докторы (1964). А.Қ.Қайыпов «Қазақстанның және Орта Азияның металлогениялық картасын» Қ.И.Сәтбаевпен бірге жасаған ғалымдардың бірі. Ол Қазақ тау-кен металлургиялық институтында (қазіргі Satbayev University) дәрістер оқыды және көптеген аспиранттар мен ізденушілердің, олардың ішінде өндіріс мамандарының ғылыми жұмыстарына жетекшілік етті. Оның жетекшілігімен 37 кандидаттық және 1 докторлық диссертациялар қорғалды. А.Қ.Қайыпов докторлық диссертацияларды қорғау жөніндегі Ғылыми кеңес төрағасы және кандидаттық диссертацияларды қорғау жөніндегі екі кеңестің мүшесі қызметін атқарды. А.Қ. Қайыпов еліміздің қоғамдық өміріне белсене араласты, Алматы қалалық халық депутаттары кеңесінің екі мәрте депутаты болып сайланды. Ғылыми және қоғамдық салаға сіңірген зор еңбегі үшін үкіметтік марапаттармен, атап айтқанда, Достық орденімен, КСРО медальдарымен, Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен және КСРО Мемлекеттік сыйлығымен марапатталған.
П.К.Соболевский кен геометриясы мектебінің іргесін қалаушылардың бірі, техника ғылымдарының докторы, профессор, Мәскеу тау-кен институты «Маркшейдерия және геодезия» кафедрасының меңгерушісі (1950–1974). П.А.Рыжов 1921–1923 жж. Миас тау-кен техникумын тамамдап, екі жыл Качар карьерінде кенші болып қызмет атқарған. 1925–1930 жылдары Урал тау-кен институтында оқып, оны маркшейдер мамандығы бойынша тамамдап, П.К.Соболевскийге аспирантураға қабылданған. 1933 жылы кандидаттық диссертациясын қорғаған жас ғалым Мәскеу геологиялық-барлау институтына жолдамамен доценттік жұмысқа орналасады. 1935 жылы ВКПб-ның Орталық Комитеті П.А.Рыжовты Алматыға жаңадан ашылған Қазақ тау-кен металлургия институтына ұлттық ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлауды басқару жұмысына жібереді. Ол қазіргі Сәтбаев Университетінде 1943 жылға дейін «Геодезия және маркшейдерлік іс» кафедрасының меңгерушісі қызметін атқарған. Сол жылдарда Қазақ тау-кен металлургия институтында маркшейдерия мамандығы ашылып, П.К.Рыжовтың жетекшілігімен Жезқазған, Лениногор, Ащысай, Текелі кен орындарында ғылыми жұмыстар жүргізілген. Қазақстандағы А.Ж.Машанов, А.Қ.Қайыпов, Ж.С.Ержанов, Ж.М.Қаңлыбаева, С.К.Ермолаевтар сияқты шәкірттері кейіннен ҚазақҰҒА академиктері атанды. П.А.Рыжовтың жетекшілігімен жалпы 100-ден астам ғылым кандидаттары, 10 ғылым докторлары (Г.И.Вилесов, А.А.Трофимов, В.А.Букринский, В.М.Гудков, В.И.Борщ-Компониец және басқалар) даярланды.
Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі (1944), тау-кен инженері-маркшейдер, ғалым, қоғам қайраткері, техника ғылымының докторы (1963), профессор (1964), Қаз КСР Ғылым академиясының академигі (1975), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер. Ж.С.Ержановтың негізгі ғылыми еңбектері жер механикасы мен жер қойнауындағы табиғи және техногендік үдерістер механикасының жаңа бағыттарына, жер асты құрылыстарының беріктігі мен орнықтылығын және сейсмикалық төзімділігін есептеу әдістеріне, жер қойнауындағы сейсмикалық процестерді математикалық модельдеуге, жер қыртысы қатпарлануының математикалық теориясына, жердің тектоникалық даму механикасына, жердің айналуының жалпы теориясына, т.б. арналған. Жер планетасы айналуының жалпы теориясын қарастырған. Бұл теория Астрономиялық кеңес, Уақыт бюросы, Полюстар қозғалысының қызметі, Геодезиялық және геофизикалық одақ секілді халықаралық ұйымдардың тәжірибелік қызметінде редукциялық есептеу стандарты ретінде қабылданған. Ол Теориялық және қолданбалы механика бойынша Халықаралық одақтың бас ассамблеясының мүшесі, Қазақстан Республикасының Теориялық және қолданбалы механика бойынша ұлт¬тық комитетінің төрағасы, Ресей Теориялық және қолданбалы механика бойынша ұлттық комитетінің мүшесі, Киев және Нью-Йорк қалаларында шығатын «Қолданбалы механика» халықаралық журналының редакциялық кеңесінің мүшесі, басқа да көптеген ғылыми жарияланымдардың редколлегия мүшесі болды. Оның қаламынан 350-ден астам ғылыми еңбек, 40 монография жарық көрді. Бұлардың үштен бірі шетелдерде жарияланды. Ол кісінің ғылыми жетекшілігімен 40-қа жуық ғылым докторы мен 100-ден аса ғылым кандидаттары даярланды. Ж.С.Ержанов ғылымды дамыту мен ғылыми мамандарды даярлауға сіңірген еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Құрмет белгісі» орденімен, КСРО және ГДР медальдарымен, КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің медальдарымен марапатталған.
Петербург тау-кен институтының түлегі (1898), Сібір мен Оралда алғашқы Геофизикалық жұмыстар жүргізуді ұйымдастырған, жер қойнауының геометриясын зерттеудің негізін қалаған, КСРО-ның маркшейдерия саласындағы белгілі ғалымы, техника ғылымдарының докторы (1936). Институтты бітіргеннен кейін Донбасс шахталарында жұмыс атқарған. 1900 жылдан 1933 жылға дейін Ресей мен КСРО-ның көптеген жоғары оқу орындарында жұмыс істеді, Орал мен Сібірде алғаш рет «Барлаудың геофизикалық әдістері және кен геометриясы» ғылыми-зерттеу институтын ашты. 1933 жылы П.К. Соболевский Мәскеу геологиялық-барлау институтына жер қойнауын геометризациялау зертханалары мен кабинеттерін ашуға және осы пәндерді оқытуға шақыртылады. 1939–1947 жылдары Мәскеу тау-кен институтында «Маркшейдерия, геодезия және кен геометриясы» кафедрасын басқарған. П.К.Соболевскийдің П.А.Рыжов, Г.И.Вилесов, А.Ж.Машанов, Д.Н.Оглоблин, В.А.Букринский, В.М.Гудков сынды және т.б. шәкірттері Қазақстанда «Жер қойнауының геометриясы» атты жаңа ғылыми пән қалыптастырып, оны әрі қарай дамытты.
Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі (1950), металлург, ғалым, қоғам қайраткері, техника ғылымының докторы (1967), профессор (1967), Қаз КСР Ғылым академиясының академигі (1975), КСРО Жазушылар одағының мүшесі (1971). Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия-металлургиялық институтының директоры (Қарағанды), Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының Химия-металлургиялық институтында аға ғылыми қызметкер, зертхана меңгерушісі болды. 1970 ж. Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланған. 1969 ж. ғылым мен техника саласы бойынша КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Е.А.Бөкетов – химия саласында жаңа бағыттың: халькогендер мен халькогенидтер химиясы мен технологиясының негізін салған ғалым. Ол мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың пиро- және гидрохимиялық әдістерін жасап, Д.Менделеев жасаған элементтердің периодтық жүйесіндегі химиялық элементтер аналогтарының жіктеліміне түзетулер енгізді. Металлургиялық тотықсыздандырғыштар арқылы көмірді сутектендіру мүмкіндігін дәлелдеді. 50 өнертабыстың, 10 патенттің иесі. Е.А.Бөкетов Еңбек Қызыл Ту орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Ғалымның есімін есте сақтау мақсатында ол соңғы жылдары еңбек еткен Химия-металлургиялық институтында мемориал тақта орнатылған (1987). Қарағанды мемлекеттік университетіне алғашқы ректоры ретінде Е.А.Бөкетов есімі берілген.
Петербург тау-кен институтының түлегі (1909), КСРО-ның маркшейдерия және геофизика саласында белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы (1935), КСРО Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (1939). Институтты тамамдаған соң еңбек жолын осы институттың «Маркшейдерлік іс» кафедрасының ассистенті қызметінен бастаған. И.М.Бахурин ұстазы Бауманның маркшейдерия саласында бастаған ғылыми бағыттарын одан әрі дамытқан. Ол 1932 жылы дүние жүзінде алғаш рет маркшейдерияның Ғылыми-зерттеу бюросын, кейіннен 1945 жылы Бүкілодақтық ғылыми-зерттеу маркшейдерлік институтын құрған. Өмірінің соңына дейін ВНИМИ-ді басқарды. Ол бірнеше дүркін маркшейдерлік конференциялар ұйымдастырды, ал 1932 жылы маркшейдерлердің бүкілодақтық кезекті съезі Бахуриннің төрағалығымен өткізілді. И.М.Бахуриннің «Кен игерудің әсерінен тау жыныстарының жылжуы» атты монографиясын оның шәкірті С.Г. Авершин толықтырып, 1946 жылы жарыққа шығарды және ол еңбегі 1948 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды.
Қазақ тау-кен металлургия институтының түлегі (1940), тау-кен инженері-геодезист, ғалым, қоғам қайраткері, техника ғылымының докторы (1965), профессор (1968), Қаз КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі (1970), Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер. Негізгі ғылыми еңбектері жер қабаттарында шахта қазбаларының әсерінен пайда болатын жылжу процестерін радиоактивті изотоптар әдісін қолдану арқылы зерттеуге арналған. Жамал Қаңлыбаева Қарағанды көмір бассейнінің шахталарында зерттеу жүргізді және өз жұмысының нәтижелері бойынша 1952 жылы ВНИМИ директоры С.Г. Авершинның жетекшілігімен ғылыми диссертациясын қорғап, техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды. Көпжылдық зерттеулердің қорытындысын жасай отырып, нәтижесінде Жамал Мұсағалиқызы 1956 жылы докторлық жұмысын сәтті қорғады. 1970 ж. Ж.М. Қанлыбаева Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып сайланады. «Құрмет белгісі», «Ерен еңбегі үшін» мерейтойлық медалімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің грамоталарымен марапатталған.
Свердлов тау-кен институтының түлегі (1928), тау-кен инженері-маркшейдер, техника ғылымдарының докторы (1940), профессор, Украинаның ғылым мен техника саласына еңбек сіңірген қайраткер (1965). Свердлов институтында ассистенттік қызметтен бастап, Дмитрий Николаевич 19 жыл ішінде институт директорына дейін көтерілді. 1948 жылы Донецк политехникалық институтына ауысып, өмірінің соңына дейін «Маркшейдерлік іс» кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеді. Соғыстан кейінгі кезеңде ол ұйымдастырушылық жұмысқа көп күш жұмсады және кафедраның материалдық базасының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосты. «Маркшейдерлік іс» оқулығының авторы, ол кітап әлі күнге дейін ТМД елдерінің маркшейдерлік студенттері үшін негізгі оқулық болып табылады. 1981 жылы Украинаның ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлығымен, Ленин орденімен (1961), екі Еңбек Қызыл Ту орденімен (1956, 1967), «Құрмет белгісі» (1943), Украин КСР Жоғарғы Кеңесінің екі құрмет грамоталарымен (1961 және 1965) марапатталған.
Орта Азия политехникалық институтының түлегі (1957), геология және тау-кен ісі саласындағы ғалым, техника ғылымдарының докторы (1972), профессор (1973), Өзбекстан Ғылым академиясының академигі (2000). Өзбек КСР Ғылым академиясының тау-кен бөлімінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген. Мәскеу тау-кен институтының аспирантурасында оқыды, 1963 жылы кандидаттық диссертациясын қорғады. Ташкент мемлекеттік техникалық университетінің доценті (1963), Маркшейдерлік жұмыстар кафедрасының меңгерушісі (1968), тау-кен металлургия факультетінің деканы (1969), Техникалық университетінің бірінші проректоры (1984–1990 жж.). Ғылыми қызығушылық саласы тау жыныстары массивінің механикасы. Өзбекстан кен орындарында жүргізген жұмыстарының нәтижесі бойынша Вахаб Рахимович КСРО Ғылым академиясының Тау-кен істері институтында М. М. Протодьяконовтың жетекшілігімен «Тау жыныстары массивіндегі механикалық процесстерді зерттеу» тақырыбында 1972 жылы докторлық диссертация қорғап, тау-кен саласы бойынша техникалық ғылымдар кандидаты ғылыми дәрежесін алды. Оның қаламынан 300-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 20-дан астам монографиялар, ғылыми жаңалықтар жарық көрді. Ол кісінің ғылыми жетекшілігімен 3 ғылым докторы және 50-ден аса ғылым кандидаттары даярланды. Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1980). Өзбекстанның «Мехнат шухрати» орденінің иегері.
Қазақ политехникалық институтының түлегі (1962), тау-кен инженер-маркшейдері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Федерациясы үкіметі сыйлығының лауреаты, Ресейдің ғылым және техника саласына еңбек сіңірген қайраткер, РФ Инженерлік академиясының, Тау-кен ғылымдары академиясының толық мүшесі. Ол 1962 жылдан 1964 жылға дейін «Қарағандыкөмір» кенешінде учаскелік маркшейдер болып жұмыс істеді, содан кейін Қарағанды политехникалық институтының «Геодезия және маркшейдер ісі» кафедрасында (1969–1972) жұмыс істеді. 1972 жылдан Бүкілодақтық тау-кен және түсті металлургия ғылыми-зерттеу және жобалау институтында аға ғылыми қызметкер (1972–1974), зертхана меңгерушісі (1974–1979) қызметтерін атқарды. В.Н.Попов 20 техника ғылымының кандидаты мен 7 ғылым докторын дайындады, маркшейдерлік жұмыстар саласында 220-дан астам еңбектері бар. В.Н.Поповтың ғылыми-педагогикалық және қоғамдық қызметі «Құрмет белгісі» орденімен, «Мәскеудің 850 жылдығы» медалімен, Моңғол Халық Республикасының «Достық» медалімен, Моңғолияның Құрметті кеншісі атағымен, құрмет белгілерімен жоғары бағаланған. Ол I, II және III дәрежелі «Шахтер даңқы» ордендерімен марапатталған.