Баян Рақышұлы Рақышев
ҚазТКМИ-дің 1957 жылғы түлегі, техника ғылымдарының докторы, профессор Баян Рақышұлы Рақышев институттың ректоры болып тағайындалды. Ол 1985 жылы ғылыми жетістіктері үшін Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Институт басшысы ретінде ол өзінің күш-қайратын өндіріспен байланыстырып кеңейтуге, болашақ инженерлердің практикалық түрде дайындалуына көп жұмсады. Осы жылдары студенттерді бірінші курсқа қабылдау жедел өсіп кетті: күндізгі оқу бөліміне – 1775 адам, кешкі және сырттай оқу бөліміне – 600 адам қабылданды. Институтта 38 мамандық бойынша барлығы 14 мың студент оқыды. 37 шет елден келген студенттер контингенті 300-ден астам адамды құрады. Ректор Б.Р.Рақышев студенттер мен қызметкерлердің бір бөлігімен бірге қиын-қыстау 1986 жылдың желтоқсан оқиғаларының барлық «құқайларын» басынан толықтай өткізді. Қуанышқа орай, дер кезінде қабылданған іс-шаралардың арқасында ҚазПТИ студенттері арасында зардап шеккен ешкім бола қойған жоқ. Басқарушы органдар тарапынан болған қысымға, ашықтан-ашық айтылған қорқыту, үркітулерге қарамастан институттың бірде-бір қызметкері жұмыстан шығарылған жоқ, ұсталған көп адамдардың ішінде 17 студент қана оқудан шығарылды, оның өзінде сабаққа үлгермегендіктен. 1989 жылы мамандандырылған 20 отряд жұмыс істеді. Біздің ұжым қызметіндегі маңызды кезең қазақ тілінде оқытуды енгізу болды. Осы себепке байланысты институтта бірінші рет қазақ тілі кафедрасы ашылды, қазақ тілінде оқыту жөніндегі ғылыми-әдістемелік Кеңес ашылды. 1988 жылы институт қызметкерлері үшін «Самал» ықшамауданынан 40 пәтерлік тұрғын үй берілді. 1987-1992 жылдары материалдық-техникалық базаның жай-күйі айтарлықтай жақсарды. Ауданы 30 мың шаршы метрден артық бас оқу корпусы пайдалануға берілді. Оқу-өндірістік шеберханалар корпусы түгелдей қайта құрылды және заман талабына сай құрал-саймандармен жабдықталды. Институттың спорттық базасын жақсарту үшін қажетті барлық іс-шаралар жасалды. Осы уақыт ішінде институт екі қосымша жатақхананың (№ 8, 9) бөлінуіне қол жеткізді, бұл студенттерге арналған тұрғын жай қорын кеңейтуге мүмкіндік берді. 1990 жылы жаңа Бас оқу ғимараты қолданысқа берілді. Жалпы қалыптасу мен даму кезеңінде еліміздің жетекші институты – Политехникалық институт инженер кадрлар дайындауға және ғылымды дамытуға, салалық кәсіпорындармен байланысты нығайтуға үлкен үлес қосты деп сенімді түрде айта аламыз.